← Әңгімелерге қайту
Авторлық әңгіме

Анжелла

Автор: Гүлзада Қонысбайқызы

Анжелланы алғаш көрген адам оны байқамай өтіп кетуі де әбден мүмкін. Көзі сәл сығырайған, беті томпақ, бойы орташа ғана, қараторы келіншек. Шашы күтім көрмеген қап – қалың бірақ әрдайым ебедейсіз жиналып тұратын. Күтсе, көркі ашылардай-ақ, алайда оның оған уақыты да, зауқы да жоқ секілді. Ол күнде таң ата кафенің еденін жуады. Су шелектен төгіліп, сабын иісі мұрнын жарып тұрса да, Анжелла жұмысын тиянақты істейтін. Бір бұрышын да қалдырмай, қайта – қайта сүртеді. Бұл оның өмірге деген жалғыз талаптай адалдығы секілді еді.

Ағажан, апажан, — деп сөйлейтін қызық әдеті бар өзінің. Оның тіпт адамдармен байланысы да қызық. Алғаш танысқанын сырттай байқап қалған біреу оны екінші ретте көрген. Неге дейсіздер ғой. Өйткені, ол танысқанда ең бірінші руын сұрайды екен. Сосын бір сәтте – ақ бәрімен туыс болып шыға келеді. Біреуіне қайнаға деп ат қойса, екіншісіне нағашы деп қояды, ал үшіншісіне мәә сіз менің апам болдыңыз ғой деп келесісіне қолымен аузын жауып мә ойбай сіз деген тіпті құдашам болдыңыз ғой деп ат қойып шығады. Мұнысына кейбірі күледі, кейбірі қабағын түйіп, “есі кем” деп те жатады.

Кей күндері Анжелланы көрген адамдар тіпті жақтырмаған күйін ашықтан ашық көрсетіп «әй, баршы әрі, басымды ауыртпай» деген сөздердін талайын есіткен Анжелла ол үшін ешқашан көңілін де түсірген емес. Керісінше Анжелла үндемей басын салбыратып, пол жуатын шелегінің қасына қайта оралады. Ал кейде күңкілдеп қойып еденін жуа береді. Ол көбінесе көресіңдерғо, ертең мен жұмыстан шығып кеткенде орныма пол жуатын адам таппайсыңдар ғой сөйлеп қояды. Сонда да соны іштегілер тіпті адамға санамай иә иә баршы бар. Сені кім алар дейсің жұмысқа деп сөз қайтаратындар да болады арасында.

Айтайын дегенім сол Анжелланың тоғыз жасар баласы бар. Аты – Сұлтан. Әкесі туралы ол көп ашып айта бермейді негізі. Бірде жаяулатып жолда әңгіме айтып келе жатқанымызда баласы туралы сөз қозғады сол кезде сөз арасында “үлкен кісіге тиіп едім” дегені бар. Ар жағын сұрамадымда. Әйтеуірі сөзінен түсінгенім, сол күйеуімен мінездері жараспай ажырасып, баласымен кетіп қалған Анжелла қалаға келіп туыстарының үйін паналаған. Паналамаған керісінше сол үйдің асыраушысы болған деген дұрыс болар......

Тірегі жоқ. Үйі жоқ. Әке – шешесі де бұл дүниеде емес. Туыстары бар, бірақ олар Анжелланы жалақы алған күні ғана таниды. Ол күн өтеді, ертеңіне бәрі баяғы қалпына қайта түседі. Өйткені туыстары үшін Анжелланың ақшасы адал да Анжелла арам еді.

Сұлтан болса күндіз сол туыстардың үйінде қалады. Анасы Анжелла жұмыста. Анжелла жұмыста болған кезде, Сұлтан күн ұзағына жылап жүреді. Байғұсты көбі елемейді. Кейде тіпті мына бала неге жылайды деп біреуі мейірімін төгіп қарамайдыда, қолына да көтермейді. Керісінше әй сен неге жылай бересің осы деп басынан қойып қалып ұрсып алады. Бала тынышталып қалады. Көзі құрғап қалғанша жылаған бала анасы Анжелла келгенде жүгіріп мойнына асылып ұзақ иіскеп мама ертең демалыспа саған деп сыбырлайды құлағына. Күнде жұмыстан келген Анжелланың демалғанын асыға күтетін ол тек қана Сұлтан еді. Ал, Анжелла мұның бәрін біледі. Бірақ айта алмайды. Айтса, баласын солардан да айырып алатындай көрінеді. Сондықтан үнсіз жүріп, іштей жылайды. Арасында (и, мейлі, Құдай бар ғой, менің баламды ренжіткендерді ертең Құдайда ренжітеді ғой көресіңдер ғой) деп көз жасын сүртіп іштей өзімен – өзі күңкілдеп жұмысқа кете береді.

Сөйтіп жүрген де бір күні Анжелла сенбі – жексенбі күні демалатын болып бес күндік жұмысқа шықты. Сол кезде Анжелла өзі оқымаған надан адам болғаннан кейін оқымаған адамның қалай қиналатынын жүрегімен сезініп сол жолда өзі жүргеннен кейін баласы Сұлтанның оқыған адам болса екен, Балам өмірде қиналмаса екен деген оймен сенбі-жексенбі күндері Сұлтанды сурет үйірмесіне апарады. Апарған ниетіне үйірме тегін болып қуанышы көкке жетті. Сөйтіп баласына суретке барған ұнады. Кейде өзі жұмыста болған сәтінде баласына: балам, сенің ақылың бар ғой, сен сабақтан қалма, сабақтан қалмай оқып жүрсең кейін өскенде бастық боласың, ал мен болсам сол кезде балам Сұлтан бастық болды деп мақтанатын болам деп ақылын айтып баласына қанат берді. Бірақ Анжелла баласын үйірмеден бірде – бір рет алып қалмады.

Сол Сұлтан қазір тоғыз жаста. Байқауға қатысып, бірінші орын алды. Қолында өзінің салған суреті мен жарық сахнада суретке түскен.

Сұлтан өз суреті мен дипломын ұстап, сахнада тұр
Сұлтанның сурет байқауындағы сәті

Анжелла сол суретке ұзақ қарады. Жарық сахнада тұрған баласын көріп, жүрегі бір сәтке тоқтап қалғандай болды. Осы күнге дейін еден жуып келген қолымен көз жасын сүртті. Бірақ бұл жолғы жас — қорлықтың да, жоқшылықтың да жасы емес. Бұл — шүкіршіліктің, мақтаныштың, аналық еңбектің ақталған сәтінің жасы болатын.

Анжелла бай болмады. Үйі де, сүйенері де болмады. Бірақ ол баласына арам ас жегізген жоқ. Пол жуды, ауыр жұмыс істеді, төменшіктеді — бірақ баласының жүрегін төмендетпеді. Өлместің күнін кешсе де, адалдықтан айнымады. Сол адалдық — бүгін Сұлтанның қолындағы сурет болып сахнаға шықты.

Кей адамдар Анжелланы сырт келбетіне қарап бағалады. Ал шын мәнінде, мен оны — аналық адалдықтың тірі үлгісі дейтін едім. Балаға үлгі болу үшін бай болу шарт емес. Адал болу ғана жеткілікті. Осындай аналардың алдында бас ию керек. Өйткені олар — үнсіз күресіп, баласының болашағын жылап жүріп тұрғызған аналар. (жалғасы бар)