Кейде осы қоғамда өмір сүріп жатқанымды ойласам, жаным ауырады.
Мен әлемнің ашық бола түскенінен емес, адам баласының жабық қалуға тиіс дүниелерді жоғалтып бара жатқанынан қорқамын. Бір кезде ұятпен қорғалған сыр, армен қорғалған шекара, адамдықпен қорғалған құпия бүгінде көптің қызығына айналып бара жатқандай.
Құпиясының қорғансыз қалғанынан.
Біреудің ешкімге көрсеткісі келмеген әлсіз сәтінің көптің қызығына айналғанынан.
Тіпті адам дүниеден өткеннен кейін де оның денесі, соңғы сәті, соңғы бейнесі өзіне тиесілі болмай қалатындай бір заманға жақындап бара жатқанымыздан қатты қорқамын.
Бұрын біздің үлкендеріміз марқұмды соңғы сапарға шығарып салудың өзіне ерекше жауапкершілікпен үлкен құрметпен қарайтын еді ғой.
Өлген адамның денесіне кез келген адам кірмейтін. Мәйітті жуындыратын адамды да жайдан-жай таңдамайтын.
Ол көргенін сыртқа шығармайтын, аузына берік, жүрегінде иманы мен мейірімі бар, адам баласының абыройын терең түсінетін жан болуы керек деп есептелген.
Неге?
Өйткені марқұмның денесі ол жай ғана жансыз дене емес.
Ол кәдімгідей үлкен аманат.
Кеше ғана сол дененің ішінде бір адамның бүкіл ғұмыры өмір сүрді.
Ол денемен адам бір ғұмыр кешті. Жүрді, жүгірді, біреуді құшақтады, баласын бауырына басты. Қуанышын да, қайғысын да, ауруын да сол денемен өткерді. Бәлкім, талай рет аурухана төсегіне жатып, операциядан өтті. Бәлкім, өмір бойы ешкімге көрсетпеген жарасы да болған шығар.
Бәлкім, өз денесінен өзі қысылатын тұсы болған шығар. Бірақ соған қарамастан сол дене адамның бар ғұмырын көтеріп өтті.
Осы тұста, терең ойлап қарасаңыз, адамның үстіндегі жұп-жұқа тері деген қандай ғажап аманатты арқалаған иә?….
Сүйегімізді, қанымызды, ағзамызды, бүкіл жанымыздың ауырлығын ондаған жыл бойы үнсіз көтеріп келеді.
Сол тері бізбен бірге ауырады, шаршайды, қартаяды. Ақырында бір ғұмырдың жүгін көтеріп, өз міндетін аяқтап, үнсіз ғана сүйекке оралып жатады. Сондықтан марқұмның денесіндегі кем-кетікті көру ол қызықтайтын нәрсе емес. Ол саған сеніп тапсырылған соңғы аманатқа куә болу. Яғни, көргеніңді сыртқа шашу емес, көргеніңді өзіңмен бірге көміп кету бұл жерде сенің марқұмға көрсеткен соңғы құрметің.
Бұрын өліктің жанында адамның даусының өзі бәсеңдейтін.
Артық күлмейтін. Артық сөйлемейтін.
Марқұмның артынан жаман сөз айтпауға тырысатын.
Өйткені өлім адамды тоқтататын.
Тірінің кеудесіндегі тәкаппарлықты да, артық сөзді де, бос қызығушылықты да бір сәтке тыйып тастайтын.
Ал бүгін ше?..
Осы сұрақты өзіме қойған сайын жүрегім біртүрлі шымырлайды.
Жақында №12 маршрутқа отырдым.
Денсаулығым онша болмай жүрген кезім. Кейде басым мең-зең болып, айналамдағы жағдайды бірден аңғармай қалатын далақбайлық әдетім бар екенін білесіздер ғой. Сондай есерсоқтау күйімде, автобуста үнсіз отырмын. Бір кезде жүргізуші микрофонмен:
— Агентствоға түсетін бар ма?, деп сұрады. Мен сонда ғана кондуктордың жоқ екенін аңғардым.
Арт жақтан:
— Бар, бар! — деген дауыстар шықты.
Автобус аялдамаға тоқтады. Біреулер түсті, біреулер мінді.
Сол кезде бір әйел мен отырған жаққа бұрылып:
— Қалайсың? — деді.
Мен алғашында маған айтып тұр ма деп қалдым.
Сөйтсем, жанымда отырған әйелмен таныс екен.
Сол кезде ғана қасымда біреудің отырғанына дұрыстап мән бердім.
Әлгі әйел аяқ астынан:
— И, құрсын, сен Назгүлді естідің бе? — деді.
Даусының түрінен мен бірден селк ете қалдым.
«Бір жағдай болған екен ғой…» деп ойладым.
Қасымдағы әйел:
— Иә, иә, естідім, — деді.
Әңгіме жалғасты.
Ал мен еріксіз тыңдап отырмын.
Бір кезде әлгі әйел:
— Видеосын көрдің бе? Қорқынышты ғой… — деді.
Осы жерде мен алғаш рет басымды көтердім.
Қандай видео?
Кімнің видеосы?
Не болған?
Әңгімелерінен біреу ауырған шығар, бәлкім инсульт алған шығар, ауруханада жатқан адамға көмектескендерін айтып отырған шығар деп топшыладым.
Бірақ келесі сөз мені тіпті абдыратып жіберді.
Маникюр жасайтын адамды іздегендерін, тырнағын алғандарын, денесінде татуировка болғанын, кіндігін тескен-теспегенін айтып отыр…
Мен ішімнен:
«Бұлар кімді айтып отыр?» — деп ойланып үлгергенше, қасымдағы әйел:
— Жоқ, мен оны жуындыруға кірдім ғой. Өзім қасында болдым. Өз көзіммен көрдім, — деді.
Сол сәтте ғана түсіндім.
Олар қайтыс болған адамды айтып отыр екен.
Денем мұздап кеткендей болды.
Өйткені олардың әңгімесінен бұған дейін марқұм туралы сөз болып жатқанын сезу мүмкін емес еді.
Дауыстарында өлімнің салмағы жоқ.
Сөздерінде марқұмға деген имену жоқ.
Тіпті «марқұм» деген сөздің өзі естілмеді.
Кәдімгі біреудің киімін, шашын немесе тойдағы көрінісін талқылап отырғандай…
Одан әрі:
— Жылаған адам болды ма?
— Қырқы қашан болады екен?
деген сұрақтар айтылды.
Менің ішім біртүрлі болып кетті.
Бірақ ең ауыр сөз әлі алда екен.
Бір кезде:
— Сен видеоны қайдан көрдің? — деген сұрақ қойылды.
— Нұрайдан көрдім. Ол Айдыннан алған сияқты…
Сонда қасымдағы әйел:
— Маған да жіберші. Самалға жіберейін деп едім, — деді.
Мен үнсіз қалдым.
Телефоннан телефонға…
Бір адамнан екінші адамға…
Бір чаттан екінші чатқа…
Өмірден өтіп кеткен адамның видеосы кетіп бара жатыр.
Ал сол видеодағы адам енді:
«Мені түсірмеңдер»,
«Мені көрсетпеңдер»,
«Денемді талқыламаңдар»,
«Мұны ешкімге жібермеңдер»,
деп айта алмайды.
Өйткені ол қорғана алмайды.
Мінекей осы сәтте мені өлім емес, тірілердің әрекеттері қатты қорқытты.
Мен өлімнен қатты қорқатын адам емеспін. Өлім баршамызға ортақ ақиқат екенін терең түсінемін.
Бірақ сол күннен кейін алғаш рет өзімді шын жүрегіммен аядым. Себебі, бір күні мен де өлемін. Бәріміз өлеміз. Бірақ адам өлгеннен кейін де оның жеке кеңістігі қалмай қалса ше? Осы ой менің миымнан ұзақ уақыт кетпеді.
Адам тірі кезінде өзінің денесіне өзі ие.
Қай суретін көрсететінін өзі шешеді.
Кімнің алдына қалай шығатынын өзі шешеді. Нені айтатынын, нені жасыратынын өзі шешеді. Кімге сырын ашатынын өзі таңдайды.
Ал өлген күні ше? Бір сәтте бүкіл билік басқа адамдардың қолына көшеді.
Сенің денеңді кім көреді? Кім ұстайды?
Кім жуындырғанда қасыңда тұрады?
Кім телефонын шығарады? Кім суретке түсіреді? Кім видеоны сақтап алады?
Кім оны басқаға жібереді? Кім сенің денеңдегі бір белгіні отырып алып талқылайды? Сен оны енді бақылай алмайсың. Сен енді ешкімге бұрынғыдай: «Тоқта!» дей алмайсың.
Мені шошытқан осы…
Өлім емес. Өлімнен кейінгі қорғансыздық. Адам өлген соң да тыныштық таба алмай қалса ше?..
Біреу оның соңғы сәтін түсірсе. Біреу видеосын сақтаса. Біреу біреуге жіберсе. Ол тағы біреуге жіберсе.
Біреулер қызықтап қараса. Біреу:
— Көрдің бе?, деп сұраса.
Екіншісі:
— Жіберші, десе. Үшіншісі денесін талқыласа. Төртіншісі әлдебір белгісін сөз етсе… Сонда адам баласының соңғы құпиясы қайда қалады?
Иә, Технология дамыды. Оған таласым жоқ. Бірақ технологиямен бірге адамдық та дамуы керек еді ғой. Біздің қолымыздағы телефон ақылды болған сайын, жүрегіміз де ақылды болуы керек емес пе еді? Камераның мүмкіндігі көбейген сайын, оны қай кезде шығармау керектігін білетін парасатымыз да өсуі керек емес пе еді? Бәрін түсіруге болады екен деп, бәрін түсіру міндетті ме? Бәрін жіберуге болады екен деп, бәрін таратуға бола ма? Бәрін көруге мүмкіндік бар екен деп, бәрін көруге біздің хақымыз бар ма? Жоқ, әрине…
Бірақ меніңше, өркениет деген мүмкіндігіңнің көп болуы ғана емес сиақты. Керісінше, мүмкіндігің бола тұра, адамдық үшін кейбір нәрседен өз еркіңмен бас тарта білу. Телефоныңда камера тұрса да, оны шығармау. Саған видео келсе де, оны ашпау. Ашылып кетсе, ары қарай жібермеу. Біреудің құпиясын біліп тұрсаң да, айтпау. Біреудің әлсіздігін көріп тұрсаң да, оны әңгімеге айналдырмау.
Міне, парасат деген осы жерден басталатын шығар бәлкім…
Сол автобуста мен тағы бір нәрсені терең түсіндім. Адамның шын болмысы оның мықты адамның алдында қалай тұрғанынан емес, қорғансыз адамға қалай қарағанынан көрінеді екен.
Өзін қорғай алмайтын балаға.
Үлкен кәрі кісіге. Ауру адамға. Ақыл-есі шатасқан жанға. Жылап тұрған адамға. Жығылған адамға. Және…
дүниеден өткен адамға. Өйткені марқұм сенен ештеңе талап ете алмайды. Сені сотқа бере алмайды.
Саған қарсы сөйлей алмайды.
«Менің абыройымды қорладың» деп айта алмайды. Сондықтан дәл сол жерде сенің алдыңда бір ғана күзетші қалады. Ол — сенің өзіңнің ар-ұятың.
Егер сол күзетші де ұйықтап қалса, адамды кім тоқтатады?
Біз өлімді көріп тұрып та тоқтамасақ, онда өлімнің өзі бізге не үйретеді?
Мәйітті көріп тұрып марқұмды емес, оның видеосын қызықтасақ, жүрегімізде не қалды? Бір адамның дүниеден өткенін естігенде: «Алла рақымына алсын…» деудің орнына:
«Видеосы бар ма?» дейтін дәрежеге жетсек, біз сол адамның өлімін емес, өз адамдығымыздың бір бөлігін жерлеп жатқан жоқпыз ба? Бәлкім, ең қорқыныштысы мәйіт емес шығар.
Өлі адамның денесі қорқынышты емес.
Өйткені ол өз міндетін атқарып болды.
Ол үнсіз жатыр. Ешкімге оның енді зияны жоқ. Ешкімнің сыртынан сөйлемейді. Ешкімді мазақ қылмайды.
Ешкімнің құпиясын таратпайды.
Бәлкім, шын қорқыныштысы бұл жерде, тірі адамның жүрегінің өле бастауы шығар.
Біздің халқымызда «өлгеннің артынан жаман сөз айтпа» деген түсінік бекер қалыптаспаған.
Бұл өлімді әсірелеу емес.
Бұл — тірі адамның өзін тәрбиелеудің жолы.
Марқұмды жуындыратын адамды аузына берік кісілердің арасынан таңдау да бекер емес еді.
Өйткені мәйітті жуындыру — денені тазарту ғана емес.
Ол — адамның жер бетіндегі соңғы абыройына қызмет ету.
Сен сол сәтте оның денесін ғана жумайсың.
Сен оның құпиясына куә болып тұрсың.
Саған көрсетілген нәрсенің бәрі сенің айтуың үшін көрсетілген жоқ.
Кейбір нәрселер адамға айту үшін емес, үнсіз қалу үшін беріледі.
Осыны түсінетін сана қандай биік еді…
Ал қазір ақпарат көбейді.
Бірақ кейде парасат азайғандай.
Білім көбейді.
Бірақ ұят көбейді ме?
Байланыс көбейді.
Бірақ адамға деген құрмет те сонымен бірге артты ма?
Бір түймені бассақ, әлемнің арғы шетіндегі адаммен сөйлесе аламыз.
Бірақ дәл жанымыздағы адамның жанын сезіне аламыз ба?
Телефонның жады үлкейген сайын, жүрегіміздің сыйымдылығы да үлкейіп жатыр ма?
Әлде телефондарымыз бәрін сақтайтын, ал жүрегіміз ештеңеден селт етпейтін заманға келе жатырмыз ба?
Мен осы сұрақтардың жауабынан кейде қорқамын.
Сол күні автобустан түскен соң да әлгі әңгіме құлағымнан кетпеді.
Үйге бардым.
Күнделікті тіршілік жалғасты.
Бірақ ішімде бір нәрсе өзгеріп кеткендей болды.
Түнде де ойландым.
Бір сәтте:
«Мүмкін, Алла маған бұл әңгімені бекер естіртпеген шығар…»
деген ой келді.
Мен мұны кесіп айтып, «бұл міндетті түрде Алланың маған берген белгісі» дей алмаймын.
Алланың хикметін толық білетін адам жоқ.
Бірақ кейде адамның алдынан шыққан бір көрініс оның өз жүрегіне үңілуіне себеп болады ғой.
Сонда өзіме:
«Гүлзада, кіммен араласатыныңа мұқият бол», — дедім.
Адамды сөзіне ғана қарап таныма.
Киіміне қарап таныма.
Қызметіне қарап таныма.
Байлығына қарап таныма.
Тіпті саған жасаған жақсылығына ғана қарап та таныма.
Адамның әлсіз жанға қалай қарайтынына қара.
Біреудің құпиясын естігенде не істейді?
Біреудің басына іс түскенде оны жұбата ма, әлде әңгімеге айналдыра ма?
Біреу сүрінгенде қолын соза ма, әлде телефонын шығара ма?
Біреу өлгенде дұға жасай ма, әлде видеосын іздей ме?
Адамның жүрегін кейде осындай ұсақ көрінетін әрекеттер танытады екен.
Менің кейде басымды сүйеп, бар сырымды айтып отыратын адамым болмауы мүмкін.
Бірақ Аллам бар.
Осыны ойлағанда жүрегім тынышталады.
Мен Алладан байлықтан бұрын бір нәрсе сұрағым келеді:
Жүрегімді қатайтпа.
Біреудің қайғысын көргенде қызық көретін емес, үнсіз дұға жасайтын жүрек бер.
Біреудің құпиясын естігенде оны таратуға асығатын емес, аманат деп сақтайтын жүрек бер.
Біреудің әлсіздігін көргенде оны жұртқа көрсететін емес, үстіне шапан жауып қоятын жүрек бер.
Өлген адамның денесін емес, абыройын қорғайтын сана бер.
Өзіме жасалған қиянатты ұмытпасам да, сол қиянат мені қатігез адамға айналдырмасын.
Біреудің құлағанын көріп қуанып кетуден сақта.
Біреудің көз жасын қызық көріп қалудан сақта.
Біреудің өлімін контентке айналдыратын жүрексіздіктен сақта.
Ең бастысы адамды адам болғаны үшін қадірлей алатын жүректен айырма.
Бәлкім, бүгін бізге жаңа технологиядан бұрын жаңа тәрбие керек шығар. Балаларымызға:
«Телефонды қалай қолдану керек?» дегенді ғана емес,
«Телефонды қай кезде қолданбау керек?» дегенді де үйретуіміз керек.
«Видео түсіре аласың» дегенмен қатар:
«Бірақ кейбір сәттерді түсіруге болмайды»
деуді үйретуіміз керек.
«Ақпаратты бөлісуге болады» дегенмен қатар:
«Бірақ әр ақпарат саған тиесілі емес»
дегенді санасына сіңіруіміз керек.
Өйткені ертеңгі қоғамның адамгершілігін заң ғана қорғамайды.
Оны әр адамның қалтасындағы телефонды ұстап тұрған қолы мен сол қолды тоқтата алатын ұяты қорғайды.
Егер бір күні телефоныңызға өмірден өткен адамның қорғансыз күйдегі видеосы келсе…
Оны қызықтамаңыз.
Ары қарай жібермеңіз.
Біреуге:
— Көрдің бе?, деп сұрамаңыз.
Өйткені сол видеода сіз танымайтын біреу ғана жатқан жоқ.
Біреудің анасы жатыр.
Біреудің әкесі.
Біреудің қызы.
Біреудің ұлы.
Біреудің жары.
Біреудің бауыры.
Бір үйдің кеше ғана сөйлеп жүрген адамы жатыр.
Ал ең бастысы ол жерде бір АДАМ жатыр.
Бүгін ол.
Ертең кім екенін ешқайсымыз білмейміз.
Сондықтан марқұмның соңғы тыныштығын сақтау — тек оның туыстарының міндеті емес.
Бұл — тірі жүрген әр адамның адамдық емтиханы.
Өйткені адамға құрмет оның демі тоқтаған жерде тоқтамауы керек.
Керісінше, адам өзін қорғай алмай қалған сәттен бастап біздің жауапкершілігіміз одан сайын артуы тиіс.
Сол автобустағы әңгімені естігеннен кейін мен өлім туралы емес, адамдық туралы көп ойландым.
Сонда терең түсінгенім:
Адамның мәдениеті оның қалай сөйлегенінен ғана көрінбейді.
Адамның иманы оның қанша жақсы сөз айтқанынан ғана өлшенбейді.
Адамның парасаты оның қанша кітап оқығанынан ғана білінбейді.
Кейде оның бүкіл болмысы бір ғана сәттен көрінеді:
өзін қорғай алмайтын адамның абыройын қорғай алды ма, жоқ па?
Бәлкім, адамдықтың ең биік түрлерінің бірі де осы шығар.
Ешкім көрмеген кезде адал болу.
Ешкім сұрамаған кезде мейірімді болу.
Айтуға мүмкіндігің бола тұра үндемеу.
Таратуға мүмкіндігің бола тұра тоқтату.
Көруге мүмкіндігің бола тұра көзді тайдыру.
Біреудің үсті ашылып қалғанда қызықтамай, үстіне көрпе жабу.
Біреудің құпиясы қолыңа түскенде оны қару қылмай, аманат қылып сақтау.
Ал дүниеден өткен адамның соңғы тыныштығын қорғау оның тірі кезінде жасаған барлық жақсылығына жауап бере алмасақ та,
адам ретінде оған көрсете алатын соңғы құрметіміз шығар.
Сондықтан мен енді өлі адамның денесінен қорықпаймын.
Мен тірі адамның ішінде ұяттың өліп қалуынан қорқамын.
Өйткені дененің өлуі ол тағдыр.
Ал жүректегі мейірімнің өлуі ол адамның өз таңдауы. Алла бізді біреудің айыбын ашатындардың емес, айыбын жабатындардың қатарынан етсін. Біреудің құпиясын тарататындардың емес, аманатын сақтайтындардың қатарынан етсін.
Біреудің соңғы сәтін қызықтайтындардың емес, үнсіз дұға жасап, абыройын қорғайтындардың қатарынан етсін. Және ең соңында өзіміз де қорғансыз қалған күні…
біздің де үстімізге үнсіз ғана шапан жауып қоятын жақсы адамдарды жолықтырсын.
Әумин.
Авторы: Гүлзада Қонысбайқызы
