← Басты бетке қайту
Авторлық мақала

Жастардың білмегеніне емес, білмегенін көрсетуге қорқамын…

Автор: Гүлзада Қонысбайқызы

Жаңа әлеуметтік желіден бір бейнеролик көріп қалдым. Сауда орталығында жүрген жастарға тарихи тұлғалардың суреттерін көрсетіп, «Бұл кім?» деп сұрап жатыр. Бірі Бауыржан Момышұлын Шәмші Қалдаяқов деп шатастырды. Қасындағы бала болса Талғат Бигелдиновті Сталиннің туысқаны сиақты делі одан Мәншүк Мәметованы пилот қыз емеспа деп ойлады. Видеоны көргендердің көбі күліп жатыр. Кейбірі жастарды кінәлап жатыр. Кейбірі «Қазіргі жастар ештеңе білмейді» деп ашуланып жатыр

Ал менің көңіліме мүлдем басқа нәрсе қатты батты

Бұл видео — жастардың тарихи тұлғаларды тануы туралы ой қозғауға себеп болған материал.

Шындығында Мен, жастардың білмегеніне емес, олардың білмейтінін жұртқа көрсетіп, соны қызыққа айналдыруына қынжылдым. Өйткені бүгінгі жас ұрпақ аспаннан түскен жоқ қой. Оларды біз тәрбиелеп жатырмыз. Оларға білімді біз беріп жатырмыз. Олардың дүниетанымын қалыптастырып отырған да, біз. Ендеше жастар бір нәрсені білмесе, бұл тек олардың ғана кінәсі емес шығар. Мүмкін біз жеткізе алмаған шығармыз. Мүмкін біз түсіндіре алмаған шығармыз. Мүмкін біз оларға жаттаттық, бірақ жүрегіне жеткізе алмадық. Өйткені адам жаттаған нәрсесін ұмытуы әбден мүмкін. Ал жүрегімен қабылдаған нәрсесін ешқашан ұмытпайды ғой. Бауыржан Момышұлы деген есімді бала тек кітаптағы бір жол ретінде емес, намысты қолдан бермеген қайсар тұлға ретінде таныса, ешқашан ұмытпас еді ғой. Мысалы, Талғат Бигелдиновті жай ғана әскери ұшқыш емес, туған жері үшін жанын қатерге тіккен батыр ретінде білсе, есінде сақтар еді. Сол сиақты, Мәншүк Мәметованы жай ғана емтихан сұрағы етіп емес, кәдімгідей ел үшін өмірін қиған қазақ қызы ретінде сезініп оларға шынайы түрде көз алдына елестететіндей етіп, жүрегіне жеткізіп түсіндірсе, ол жүрегіне жазылар еді.

Бірақ біз кейде тұлғаның рухын емес, өмірбаянын ғана үйретеміз. Содан кейін жастардың білмегеніне таңғаламыз. Меніңше, мәселе жастардың жадында емес. Мәселе біздің жеткізу тәсілімізде.

Егер бейнероликтің мақсаты шынымен ағарту болса, онда камера алдында қателескен баланы күлкіге қалдырмай, оның орнына: Бұл суреттегі, Бауыржан Момышұлы атамыздың жас кезі. Ол Мәскеу түбіндегі шайқаста батальон басқарған нағыз қаһарман. Кейін елге рух беретін кітаптар жазған ұлы тұлға, деп таныстырып, айтып кетсе болмас па еді? Сонда сол видеоны көрген мың адамның кем дегенде жүзі жаңа бір мәлімет алар еді ғой. Мүмкін бір жасөспірім қызығып, оның кітабын іздеп оқитын ба еді? Мүмкін біреу батыр туралы деректі фильм көрер ме еді. Немесе бір баланың жүрегінде ертең Мен де еліме пайдалы адам болсам екен, деген ой оянар ма еді. Ақиқатында, Нағыз тәрбие дегеніміз осы емес пе?

Өкінішке қарай, қазіргі әлеуметтік желіде білімнен бұрын реакция жинау контент жасау маңыздырақ болып бара жатқан сиақты Адамды ойландырудан бұрын таңғалдыру көзделеді. Тәрбиелеуден бұрын күлдіру көзделеді. Түсіндіруден бұрын ұялту көзделеді. Ал ұялтудан рух ешқашан шықпайды. Рух адамға сенім бергенде ғана оянады. Қолынан жетектегенде ғана оянады. Үлгі көрсеткенде ғана оянады. Біз жастарды кінәлауға асықпауымыз керек. Керісінше, олардың бойындағы жақсы қасиеттерді оятуға асығуымыз керек.

Өйткені бүгінгі жас ол ертеңгі елдің иесі. Олар біздің айнамыз. Олардың білмегенінен бұрын, біз нені үйрете алғанымыз туралы ойланғанымыз жөн.

Мен жастардың білмегенінен қорықпаймын. Себебі, білмегенін адам үйренеді. Сұрайды. Ізденеді. Өседі. Ал мен жастардың білмейтінін пайдаланып, оларды көпшілік алдында мазаққа айналдыратындардан қорқамын. Өйткені ол жанашырлық емес. Ол тәрбие де емес. Шынайы жанашырлық дегеніміз ол, адамның білмегенін бетіне басу емес, керісінше қолынан ұстап үйрету. Ал ұлттың болашағы жастардың қатесін күлкіге айналдырғанда емес, олардың жүрегіне рух еккенде қалыптасады. Сондықтан бүгінгі ұрпаққа өкпелеуден бұрын, оларға бағыт бағдарды беруді үйренгеніміз дұрыс сиақты. Себебі ертең олар, біздің айтқанымызды емес, көрсеткен үлгімізді жалғастырады.

Гүлзада Қонысбайқызы 🌹

ТҮЙІН:

Жастардың білмегені қорқынышты емес. Қорқыныштысы, олардың білмегенін пайдаланып, намысын жасыту. Ұрпақ ұялтудан емес, рухтанудан өседі. Ал рухы биік ұрпақ ол, ұлттың ең үлкен байлығы.